Четверг, 06 июня 2019 20:48

NESTEVATR: Алматыда қыз бен жігіт әйнек үйде тұра бастады

Жоба NESTEVATR деп аталады. Мұнда аудиториясыз ештеңе іске аспайды. Ұйымдастырушылар шыны үйді әлеуметтік желінің аллегориясы ретінде таңдаған. Онда қатысушылар әлеуметтік желінің заңымен өмір сүреді, тапсырмаларды орындайды, халықтан көмек сұрайды. Олар көрпе-жастыққа, тәтті тамақ пен кофеге жұрттан тиын-тебен жинап қана қол жеткізе алады. Ақша жинау үшін қатысушылар берілетін тапсырмаларды орындап отыруы керек. Тиын-тебенді Instagram-да көрермен дауысын көп жинап та алуға болады.


Егер қатысушылар тәртіп бұзса, оларға аяғына байланған электр есеңгіреткішпен соққы беріледі. Бұл соққы әлеуметтік желідегі дизлайк сияқты. Үш рет ескерту алған қатысушы блокталады: тәртіп бұзушы жақтың пердесі жабылып, бөлме бір күн бойы қараңғы болады. Көп ұпай жинаған адам жеңіске жетеді. Жобаның жеңімпазына 1 миллион теңге беріледі.


Қатысушылар NESTEVATR жобаcына кастинг жарияланғанын әлеуметтік желіден білген. Олар жабық кастингте мұндай шоуға не себепті қатысқысы келетінін айтып, бірнеше психологиялық сұраққа жауап берген.


Абылай Назиров 26 жаста. Ол NESTEVATR әлеуметтік жобасына өзінің қорқынышын жеңуге келгенін айтты.


Абылай Назиров

Қазақстанда мұндай жоба алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Ең бірінші қызықтырғаны – осы. Кастинг кезінде қорқатын нәрселерімізді сұрады. Енді маған тура өзімнің қорқынышыма байланысты тапсырма беретін шығар. Өзімді сынап көргім келеді. Қорқынышыңмен күресу керемет емес пе? Бұрын АҚШ-та әлеуметтік желіге байланысты кішігірім жобада жұмыс істеп көрдім. Қазір де желіге тәуелді болып бара жатырмын. Егер жеңімпаз атанып, 1 миллион теңгені жеңіп алсам, оны сүйікті ісіме жұмсаймын. Ең жақсы көретін ісім – саяхаттау, – дейді Абылай Назиров.



Зүлфия Омарова 25-те. Оның айтуынша, әлеуметтік желі арқылы танылған адамдардың өмірін халық бүге-шүгесіне дейін біле бермейді. Ал NESTEVATR жобасы офлайн өмір мен желідегі өмірді біріктіреді.


Зульфия Омарова

Жобаның негізгі көздегені – әлеуметтік желідегі пікір мен лайк адамға қаншалықты әсер ететінін анықтау, көрсету. Екі апта бойы ашық кеңістікте, камераның бақылауында өзімді қалай ұстаймын, тапсырманы қаншалықты орындаймын – мен осыны сынап көргім келеді. Кастинг кезінде басымнан өткен әртүрлі жағдайды айтып бердім. Ұйымдастырушылар сол оқиғаларды естіп, батылдығымды байқаған шығар. Егер 1 миллион теңгені ұтып алсам, шығармашылығыма арнаймын. Жақында жазған әніме бейнеклип түсіргім келеді, – дейді Зүлфия Омарова.



Жібек жолы даңғылы мен Панфилов көшесінің қиылысындағы кішкентай шыны үйді орналастыруға Алматы әкімдігі рұқсат берген. Тек “Арбаттағы” суретшілер қарсы болыпты.


Әйнек үй екі апта бойы ашық болатындықтан мұнда адам көп жиналады. Кейбіреулер келіп, көп қауымды өзге мақсатта пайдалануы мүмкін, әсіресе, сайлау алдында. Бірақ жобаның қауіпсіздік қызметі мұндай жағдайдың болмауын қадағалайды. NESTEVATR – әлеуметтік жоба, сондықтан халыққа кері әсер етпейді. Тек “Арбаттағы” суретшілер алғашында қарсы болды. Кейін әлеуметтік жоба екенін түсіндірген соң келісті, – дейді жоба менеджері Айдос Мәруан.



Salem Social Media қолға алған реалити-шоуға Ресей продюсерлері атсалысып отыр. Көше форматындағы мұндай жоба Қазақстанда бұрын-соңды ұйымдастырылмаған.


NESTEVATR жобасы

АҚШ-та 450 жылға созылатын жоба бар. Онда камера көшедегі пластиктің қалай шіритінін 450 жыл бойы түсірмек. Бірақ бұл жерде қатысушы адам емес. Әдетте әлеуметтік жобалар 5-6 күнге созылады. Біздегідей екі апта бойы қатысушыларды үздіксіз сынау еш жерде болмады. Енді көрерменнің белсенді болғанын қалаймыз. Бағдарламаға онлайн пікір қалдырып, лайк басуға, қатысушылардың тапсырмаларды орындауына көмектесуге болады. Көрерменнің бәрі 24 сағат бойы тікелей эфирден қарай алмайды. Сондай кезде көшеге шығып, бақылай алады. Жобаға шыдамды әрі ашық-жарқын адамдарды таңдадық, – дейді Айдос Мәруан.



NESTEVATR жобасы

NESTEVATR жобасы 5 маусымда сағат 18.30-да басталды. Абылай мен Зүлфияның бөлмелерінде артық зат, тіпті, төсек-орын да жоқ. Бірақ бөлмеге кірмес бұрын олар қаптың ішінен оралған заттарды бөліп алды. Абылайға сүлгі, жұмсақ ойыншық, бетперде, шанышқы мен қасық тиді. Қарсыласына қарағанда Зүлфияның жолы болды. Ол кілемше, ұйықтауға арналған бетперде, құмсағат, айна мен тарақ алды. Көрермен шоуды Salem Social Media-ның YouTube (сілтемені басып қараңыз), “Одноклассники” және “ВКонтакте” желілеріндегі парақшаларынан және “Арбаттан” 24 сағат бойы бақылай алады. Адамдар үйдің сыртына жазу жазып, қатысушылармен сөйлесе алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба бұдан кейін болмайды.


Источник: “https://baribar.kz/103374/nestevatr-almatyda-qyz-ben-zhigit-ajnek-ujde-tura-bastady/”

Другие материалы в этой категории: Жгут и удаляют зубы: Как украинцы мстят за измены »

Оставить комментарий

Убедитесь, что Вы ввели всю требуемую информацию, в поля, помеченные звёздочкой (*). HTML код не допустим.